Бағдарламалар партия бақылауында
«Amanat» партиясы Талас аудандық филиалы Саяси кеңесінің бюро отырысы өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, аудандық мәслихаттың төрағасы Қадірбек Садубаев, бюро мүшелері мен бірқатар мекеме басшылары қатысты.
Жиында «Amanat» партиясының 2023- 2025 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі аудандық жол картасындағы «Сапалы білім беру үшін қолайлы жағдай жасау» бағыты бойынша атқарылған істер туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғаповтың баяндамасы тыңдалды.
Есепті баяндамада Мақсат Арапұлы білім беру ұйымдарын цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету бойынша, педагогтарды цифрлық трансформация жағдайында қолдау және түсіндірме жүргізу мақсатында пән мұғалімдерімен жүргізілген жұмыстарға, қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі ауданның білім беру ұйымдарында қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, балалардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету бойынша атқарылған істерге кеңінен тоқталды.
«Amanat» партиясы Талас аудандық филиалының төрағасы Докторбек Мәселбеков жүргізілген мониторинг жұмыстары барысында анықталған апатты жағдайдағы мектеп ғимараттары, спорттық құрылғылар тозған мектептер, оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы бойынша сауал жолдады. Аудандағы кейбір білім беру мекемелерінде жаңадан жабдықталған кабинеттердің толығымен іске қосылмағандығын, трек мектептеріндегі педагогтердің сапалық құрамын жақсарту, ауыл мектептеріндегі интернет желісінің жылдамдығының төмендігі мәселесін ұдайы назарда ұстау керектігін алға тартты.
Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша тиісті қаулы қабылданды.