Аймақинфо- ақпараттық портал

Аудандық оқушылар айтысы өтті

0 25
Мектеп оқушылары арасында табиғи дарынымен, суырып салмалық қабілетімен ерекшеленген таланттар аз емес. Олардың бойындағы өнерін дамытып, талабын ұштау бағытында мұғалімдер мен белгілі айтыс ақындары тарапынан аз жұмыс жасап жатқан жоқ. Тынымсыз ізденісі мен алған бағытының арқасында жерлестеріміз Айсұлу Жүнісбек пен Әсемай Сайдакбарова республикалық айтыстың бас жүлдесін иеленді. Жас таланттардың бұл жетістігі өзге шәкірттерді қанаттандырып, өнерге деген қызығушылығын арттырды.
Мұны біз балалар-жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен өткен Жамбыл Жабаевқа арналған «Жыр алыбы-Жамбыл» атты аудандық жас ақындар айтысында байқадық. Сөз сайысына негізінен ауыл мектептерінде білім алып жүрген оқушылар бақ сынады.
Айтыс-ұлттық нақышта, тігілген киіз үйде жайылған дастархан басында өтті. Сайыстың еркін форматта болуы қатысушылар мен көрермендердің және әділқазылар алқасының өзара емен-жарқын әңгіме құрып, пікірлесуіне кең мүмкіндік берді. Жас ақындардың айтысына айтыс ақыны, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Есет Досалы, аудандық білім бөлімінің бейнелеу өнері, сызу, музыка пәндерінің әдіскері Сәуле Сағынбекова, балалар-жасөспірімдер орталығының директоры Айгүл Бескемпирова, балалар-жасөспірімдер орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Арман Абдашимов, аудандық «Talas tynysy» газетінің бөлім меңгерушісі, осы жолдардың авторы қазылық жасады.
Өнер додасы барысында Қызыләуіт ауылы М.Қыстаубайұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Маржан Серік өзін еркін ұстауымен, қарсыласына қоя білген сауалдарымен ерекшелене білді. Жалпы Маржан бұған дейін де түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Абай және Мұқағали оқуларында үздіктер қатарынан көрінгені бар. Сондай-ақ, Есейхан ауылы Қаратау орта мектебінің 6-сынып оқушылары Аяулым Нүрсейіт пен Балжан Жаңабек те сөз өнеріне деген қызығушылығы мен тығылықты дайындықтарын таныта білді.
Аудандық айтыстың қорытындысы бойынша Маржан Серік 1-орынды иеленсе, Балжан Жаңабек пен Аяулым Нүрсейіт 2-орынға лайық деп танылды.
Жас таланттарымыз алдағы уақытта облыстық айтыста аудан намысын қорғайтын болады.
Leave A Reply

Your email address will not be published.