Дайындық шаралары пысықталды
Amanat партиясы аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, онда көктемгі су тасқындарының алдын алу және болдырмау бойынша мәселе қаралды. Жиында аталмыш бағытта аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов есеп берді.
- Қазіргі таңда аудан бойынша су шаруашылығы нысандарының саны 85 дана болса, оның ішінде су қоймалары 19, каналдардың саны 55 және 11 басқа да су нысандары бар. Талас өзені бойындағы негізгі су шаруашылығы каналдарының барлығы «КазСушар» мекемесінің теңгеріміне өткізілген. Ал, су қоймалары «Жамбыл су қоймалары» КММ-нің теңгерімінде. Тасқын және көп мөлшерде түскен жаңбыр суларының әсерінен су деңгейі көтерілген жағдайда арнайы каналдарды пайдалана отырып ағын суларды су қоймаларына бұру жұмыстары жүргізілетін болады. Елді мекендердегі аулалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өзен бойынан жер телімдерін беру жұмыстары жүргізілмейді. Тасу қаупі бар қауіпті аймақтар тұрақты бақылауда. Аудан аумағында биылғы көктемгі су тасқыны мерзімін өткізу және дайындық іс-шараларын жүргізу мақсатында сондай-ақ аудандық ТЖ бөлімімен бірлесіп су қоймалар мен гидротехникалық құрылғылардың жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар барысында ауданда су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталған жоқ, — деген Медет Үрістенов өз сөзінде басқа сақтық және дайындық шараларын атады.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша жиында «Казсушар» РМК Жамбыл филиалының «Ақкөл өндірістік бөлімшесінің» басшысы А.Ахметов, «Жамбыл су қоймалары» Талас- Сарысу бөлімшесінің басшысы С.Құйқабаев сөз алып аудан аумағындағы су қоймалары мен өзен-көлдердегі судың деңгейі бақылауда екендігін, табиғи апаттың қаупін азайту мақсатында тиісті дайындық шаралары жүргізілгендігін жеткізді. Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті қаулы қабылданды.