Үлкен той жасағандар да салық төлеуге міндеттеледі – Қаржы министрлігі
Қазақстанда аста-төк той өткізген азаматтар енді салық төлеуі мүмкін. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, мемлекеттік кірістер комитеті той шығындарын тексеруді бастады. Егер тойға жұмсалған қаражат адамның ресми табысымен сәйкес келмесе, салық органдары қосымша тексеру жүргізбек.
Той шығыны мен табыс тексеріледі
Жыл сайын елімізде мыңдаған той ұйымдастырылады, оған миллиардтаған теңге кетеді. Банкеттер, асабалар, шоу-бағдарламалар — мұның бәрі үлкен шығынды талап етеді. Кейбір азаматтар той өткізу үшін несие алып немесе жылдар бойы жинаған ақшасын жұмсайды. Енді салық органдары осы қаржының қайдан келгенін анықтауға кірісті.
Блогерлер мен асабалар да бақылауда
Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, бұл тексерістер қоғам қайраткерлері, блогерлер және қарапайым азаматтарға да қатысты болмақ. Егер адамның шығыны табысынан әлдеқайда асып кетсе, оған салық органдары қызығушылық танытады. Сонымен қатар, асабалар мен шоумендер табысын декларациялап, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттеледі.
Блогерлердің салық мәселесі
Бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық блогерлерге салық төлеу туралы хабарлама жіберген болатын. Жалпы, блогерлердің салықтық қарызы 53 миллиард теңгені құраған. Осы оқиғадан кейін интернетте салықтан жалтарған танымал тұлғалардың тізімі жарияланған еді.
Жаңа шаралар елдегі көлеңкелі табыстарды анықтап, салық түсімдерін арттыруға бағытталған. Сондықтан той жасап, қомақты қаражат жұмсайтын азаматтарға енді табыс көзін заңдастыру маңызды болмақ.