Қазақстандықтарға смартфондарын тіркеуге қосымша уақыт берілді
Қазақстан азаматтарына смартфондарын тексеру және тіркеу үшін қосымша уақыт бөлінді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
2025 жылдың 25 наурызынан бастап абоненттік құрылғыларды тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Алайда бұл талаптар тек 25 наурыздан кейін елге әкелінген құрылғыларға ғана қатысты. Бұған дейін Қазақстанда қолданылып жүрген барлық мобильді телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енгізіліп, бұрынғыдай жұмыс істей береді.
Министрлік бизнес өкілдерімен бірнеше кездесуден кейін бұрын әкелінген, бірақ әлі тіркелмеген және сатылмаған құрылғыларды заңдастыруға қосымша 60 күн беру туралы шешім қабылдады. Осылайша, кәсіпкерлер мен азаматтар 2025 жылдың 25 мамырына дейін kz-imei.kz порталы арқылы құрылғыларын тіркей алады.
Жаңа талаптарға сәйкес:
Қазақстанға алғаш рет әкелінген барлық мобильді құрылғылар GSMA халықаралық деректер базасында, сондай-ақ мемлекеттік салық және кедендік жүйелерде тексеруден өтуі қажет. Бұл:
✅ Құрылғының өндіруші көрсеткен сипаттамаларға сәйкестігін анықтау;
✅ Қазақстанға заңды түрде әкелінгенін дәлелдеу;
✅ Растайтын құжаттардың бар-жоғын тексеру;
✅ IMEI-кодтың жоғалған, ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар тізімінде бар-жоғын анықтау үшін қажет.
Кімдер верификациядан өтуі керек?
📌 Импорттаушылар – елге әкелінетін барлық құрылғылар бойынша;
📌 Жеке тұлғалар – егер смартфон Қазақстанның ұялы байланыс желісінде бұған дейін тіркелмеген болса;
📌 Авторизацияланған сервис орталықтары – егер техникалық себептерге байланысты құрылғының IMEI-коды ауыстырылса.
Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін заңдастырылмаған құрылғылар ұялы байланыс қызметтерін пайдалана алмайды. Сонымен қатар, желіге алғаш рет қосылғаннан кейін 30 күн ішінде тіркелмеген құрылғылар «қара тізімге» енгізіліп, бұғатталады.