Мьянма бір апта бойы аза тұтады: зілзала 1700 адамның өмірін қиды
Мьянма үкіметі 28 наурызда болған жойқын жер сілкінісінен кейін жеті күндік аза тұту жариялады. Бұл туралы елдің премьер-министрі Мин Аун Хлайн мәлімдеді.
31 наурыз бен 6 сәуір аралығында ел бойынша барлық мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, қаза тапқандарды еске алу рәсімдері өтеді.
Зілзала магнитудасы 7,7 баллға жетіп, эпицентрі Мандалай қаласына жақын маңда тіркелген. Бұл өңірде шамамен 1,5 миллион халық тұрады. Ресми мәліметке сәйкес, апат салдарынан 1700 адам қаза тауып, 3400-ден астам тұрғын түрлі жарақат алған. Тағы 300 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Жойқын сілкініс көршілес Тайланд, Бангладеш, Лаос, Қытай мен Үндістанның кейбір аймақтарында да сезілген.
Қазір Мьянмаға түрлі елдерден гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Ел билігі апаттың салдарын жою үшін халықаралық қолдауға мұқтаж екенін мәлімдеді.