Аида Кауменова: «Жүкті болғанда, жігітім бас тартты, бірақ мен қызымды тудым»
Танымал дизайнер, кәсіпкер және сән әлемінің символына айналған Аида Кауменова журналист Жанар Байсемізбен сұхбат барысында өзінің жеке өміріндегі ең күрделі әрі маңызды кезеңдердің бірін ашық айтып берді.
«27 жасымда тұңғышымды дүниеге әкелдім. Жүктілігімді білген сәтте-ақ баланы өмірге әкелемін деп шештім. Ол кезде замана қиын, қоғамның көзқарасы да ауыр еді. Бірақ мен үшін бастысы – ішімдегі сәби болды», – деді Кауменова.
Аида сол кезде Италияда оқып жүрген. Жанында қолдау білдірген – белорус қызы, аудармашысы. Дәрігерлерге бірге барған, эмоционалды көмек көрсеткен. Ал елге оралғанда бұл жаңалықты алғаш болып анасының сіңлісіне айтқан.
«Үйге келгенде ішімнің шыққанын көрді. Бірақ ата-анам ұрыспады. Қатты қысым болған жоқ. Қызымды бәрі бірден жақсы көріп кетті», – деп еске алады дизайнер.
Қызының әкесі – басы бос ер адам болғанымен, үйленуге ниет білдірмеген.
«Жүкті екенімді білсе де, мені алған жоқ. Бірақ ол адамға ренішім жоқ – өмірімнің бағытын сол шешім өзгертті. Егер бірге өмір сүргенде, екі-үш жылдан соң бәрібір ажырасып кетер едік. Кейін екі рет тұрмыс құрдым, бірақ мінездеріміз сәйкес болмады», – дейді ол.
Бұған дейін Аида бойында үш ұлттың қаны бар екенін, өзінің күрделі, алайда бай өмір жолын мақтанышпен қабылдайтынын айтқан еді.