Эспарцет — құнарлы мал азығы
Дүйсен Жұмабеков жетекшілік ететін «Шәңке» шаруа қожалығы бүгінде тірлігі бір арнаға түскен, жұмыстың көзін тапқан ұжымдардың қатарында.
Қожалық таулы аймақта біраз жылдан бері жоңышқа тақілеттес құнарлы мал азығы эспарцет шөбін өсірумен айналысып келеді. биыл жерге түскен ылғал аздау болғанымен 150 гектар алқапқа орналасқан эспарцеттің шығымы жақсы болды.
Қажетті техникалармен қамтамасыз етілген шаруа қожалығы бүгінгі таңда 100 гектарға жуық алқапта ору жұмыстарын жүргізді.
Жиын-терім жұмысының басында болған Қаратау ауылдық округінің әкімі Мұрат Несіпбаев:
— Орақ жұмыстарының ойдағыдай жүріп жатқанына көңіліміз толып отыр. Қожалық төрағасы Дүйсен бауырымызға бірінші кезекте ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру жөнінде ұсыныс айтып отырмыз,- деген-ді.
Соған орай Дүйсен Жұмабеков бұл ұсынысты құп алғанын айта келе:
— Қазір 35 үйден өтініш түсіп отыр. Олардың әрқайсысына нарықтан төмен бағамен 500 дана тайланған эспарцеттен босатуды жөн көріп отырмыз.
Алдағы уақытта қосымша тағы да өтініштер түсіп жатса, оларды да қарастырамыз,-деді.
Биылғы жауын-шашынның жылдағыдан әлдеқайда төмен болуы шаруа баққан жандарды алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, «Шәңке» шаруа қожалығының игі қадамын жерлестері құп көріп отыр.