Аймақинфо- ақпараттық портал

Таласта айтыс өтті дүбірлеген

0 2
Өткен аптада ақын Ұлбике Жангелдіқызының 200 жылдық мерейтойына орай ауқымды шара өтті. Жастайынан өлең-жырға құмартып, жасындай жарқыраған ақынның рухына тағзым ретінде “Он екімде өлеңмен тілімді аштым” атты аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Шараға жиналған көпшілік алдымен Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының алдында орналасқан еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Мұнан соң жиналған көпшілік мәдениет орталығының өнерпаздары дайындаған, ақын өмірінен сыр тартқан театрландырылған көріністі тамашалады. Шараның салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова айтыс өнерінің құндылығына тоқталды.
Ұлбике ақынның шығармашы­лығы арқылы жас ұрпаққа туған өлкенің тарихын, табиғаты мен елдік рухын терең ұғындыру мақсатында өткізілген аламан айтысқа «Айтыс ақындары мен жыр­шы-термешілердің халықа­ралық Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған 5 ақын және Жамбыл облысынан 9 ақын қатысып, сөз сайысында өзара бақ сынады. Жалпы саны 14 ақын қатысқан бұл айтыс — ел ішіндегі өнерпаз жастардың жұлдызын жағуға, шеберлігін шыңдауға таптырмас мүмкіндік болды деуге әбден негіз бар.
Жыр додасына ҚР Мәдениет саласының үздігі, Жамбыл облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, ҚР мәдениет саласының үздігі, Талас ауданының құрметті азаматы, ақын, сазгер Үміт Битенова, ҚР мәдениет саласының үздігі, Жамбыл ауданының құрметті азаматы, айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры, журналист Жасұлан Әбдіхалық, айтыскер ақын, Қордай ауданының құрметті азаматы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Күмісай Сәрсенбаева төрелік етті.
Тартысты өткен жыр додасының Бас жүлдесін Жуалы ауданынан келген Қанат Мырзахан жеңіп алды. Бірінші орынды Алматы облысының ақыны Шұғайып Сезімхан иеленсе, жүлделі екінші орынға Талас өңірінің жас ақыны Нұржан Манатбек лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынды Таластық ақын Олжас Отар мен Қызылорда облысының үкілеп қосқан үміті Нұрзат Қару өзара бөлісті. Айтысқа қатысқан барлық ақындар Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.