Аймақинфо- ақпараттық портал

Президент тапсырмасы: Өңірдегі жол саласындағы жобалар қай деңгейде жүзеге асуда?

0 48

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында елімізде көлік транзитін дамытуға басымдық бергені белгілі. «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – дей келіп, Президенті жол саласы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстың бағытын айқындап берді.

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында жалпы автомобиль жолдарын дамытуға 28,6 млрд. теңге бөлініп, құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 470,3 шақырым жол қамтылады. Бүгінге 45 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99,5%-ға, ал көше-жол желісі — 89%-ға жеткізіледі.

Ал бір ғана Жамбыл ауданында 13 ауылдық округтегі 31 елді мекенде жалпы ұзындығы 301,6 шақырымды құрайтын 375 көше мен бұрылыстар бар. Осы жылы ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша ауданда 15 жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар арқылы 14 көше мен 5 бұрылыс, яғни 15,2 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның 6 жобасы аудандық бюджет есебінен жүзеге асса, 9 жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған.

Атап өтейік, 2019 жылы құрылған «Жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы» өңірлік филиалының ұжымы қара жолдағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, құзырлы мекемелер мен мердігер ұйымдарға тиісті хат жолдайды. Бұдан бөлек, мамандар жолдардың көліктік және пайдалану жағдайын анықтау шаралары жүргізеді. Дәлірек айтқанда, диагностиканы жүзеге асыру шеңберінде жолдардың көліктік-пайдалану жағдайы туралы мәліметтер базасын қалыптастыру арқылы жаңарту сатысында пайдалануға жарамдылық қасиеттерін анықтау үшін жолға аспаптық сараптама жұмыстары жүргізіледі. Ал, олардың сипаттамалары талаптарға сәйкес келетіндігін анықтау үшін жолдарды үнемі тексеру қажет. Осынау бағдарламаны іске асыру мақсатында республикалық жолдарда 637 шакырымына диагностика жүргізу жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.