«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» – кәсіби мамандар ұжымы
2019 жылы құрылған «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» еліміздегі жол сапасын арттыруға өзіндік үлесін қосып отырған бірден-бір мекеме. Құрылғалы алты жыл ішінде аталған орталықтың өңір-өңірлердегі филиал қызметкерлері нәтижелі жұмыс істеп, кездескен кедергілерді еңсеруге күш салып келеді. Жолшылар есепті кезеңде тұрақты түрде іссапарға шығып, жүздеген нысанға инспекциялық тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, жол-құрылыс материалдарының мыңдаған данасынан үлгі алынып, сынамадан өткізілуде.
Атап өтейік, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» өңірлік филиалдарында болашағынан зор үміт күттіретін жалынды жігіттер баршылық. Солардың бірегейі – Дәурен Хасенов. Өзінің айшықты еңбегімен дараланған ол ел-жұрттың назарына ерте ілікті. Содан болар, ол бүгінгі ұжымында сыйлы, әріптестері ерекше ілтипатпен құрмет көрсетеді.
Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын қара жолда қызмет етуге арнаған кейіпкеріміз жуырда ғана ІІ дәрежелі «Сапа шыңы» төсбелгісін иемденді. Осынау лайықты марапат оған Көлік қызметкерлері күні қарсаңында берілді. Айта кету керек, Дәурен бүгінде зертхана меңгерушісі болып еңбек етеді. Өз ортасында жақсы қырынан көрінген ол жұмыс барысында талай рет қиындықтармен бетпе-бет келген. Десе де, өз кәсібіне берілген жігіт мықтылығын іс жүзінде дәлелдеп үлгерді. Заман талабына сай білімін жетілдіріп отыратын бұл қасиеті өзге әріптестеріне үлгі, болашақ жолшыларға дәйекті дәлел.