Фестиваль Ақкөл ауылында жалғасын тапты
Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен барлық ауылдық округте өтіп жатқан «Жастар және мәдениет – 2025» атты аудандық жастар фестивалі Ақкөл ауылында жалғасын тапты. Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының ұйымдастырған бұл игі шара өңір жастарының ұлттық құндылықтарға деген құрметін, мәдениетке деген талпынысын және шығармашылық әлеуетін паш етті. Ақкөл ауылының жастары ұлттық дәстүр мен заманауи ой-танымды ұштастырып, көрерменге ерекше әсер сыйлай білді. Шығармашылық қырларымен ерекшеленген олар, шарада асқан белсенділік танытты. Ауыл шетінде, Тараз бағытымен кіреберістегі «Қазақы үй» алаңында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің оқушылары қонақтарды дәстүрге сай ән-жырмен, ыстық таба нан мен тәтті тоқаш ұсынып,ерекше ықыласпен қарсы алды.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын арқау еткен жастар аудан орталығынан келген қонақтар аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров, Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының директоры Жанар Мырзамбетова және басқа мәдениет саласының қызметкерлерімен бірге ауыл ішіндегі «Жастар бағына» жеміс ағаштарын отырғызып, естелік қалдырды. Фестивальде ауыл ақсақалдары бата беріп, жастардың бастамасына ақ тілектер айтылды.
Келесі кезеңде ауылдық спорт кешенінде Республикалық «EVEREST» баспа үйі ұйымдастырған «Жыл үздігі» спорттық ойындарының жеңімпаздары марапатталып, асық ату мен қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлері көрсетілді. Бұл кезең ауыл жастарының салауатты өмір салтын насихаттаудағы белсенділігін байқатты. Сондай-ақ, мәдениет үйінің алдындағы алаңда Ақкөл орта мектебінің оқушылары сахналық қойылым мен концерттік бағдарлама ұсынды. Жастардың өнерге деген сүйіспеншілігі мен шеберліктері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Фестиваль соңында шара қонақтарын «Талас аудандық әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының» жастары ұлттық ән – жырмен шығарып салып, қимастық сәтті өнермен өрнектеді.
Бұл фестиваль – Ақкөл жастарының бірлігі мен белсенділігін, ұлттық мұраға деген құрметін және заманауи мәдениетпен үндесе білетін қабілетін айқын көрсеткен тағылымды шара болды.
Талап Байжиенов,
Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі.