Жастардың жеңісі – аудан мерейі
Алматы қаласында өткен «Nur-AI Fest» II халықаралық көпжанрлы өнер байқауында Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының театр үйірмесінің жас өнерпаздары үлкен жетістікке қол жеткізді. Жоғары деңгейде өнер көрсеткен жерлестеріміз байқаудың ең жоғары марапаты – Супер Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Бұл жеңіс – өнерге деген шынайы сүйіспеншіліктің, тынымсыз еңбектің және биік мақсатқа ұмтылған жігердің айқын көрінісі. Жас таланттар әрбір қойылымда өздерінің шеберлігін, сахна мәдениетін және актерлік қабілетін дәлелдей білді.
Аталған байқау түрлі жанрдағы өнер иелерін тоғыстыратын маңызды мәдени алаң. Осындай бәсекесі жоғары додада топ жару – кез келген ұжым үшін зор мәртебе. Бұл – жас әртістердің бойындағы таланттың ұшқырлығын ғана емес, олардың табандылығы мен еңбекқорлығын да айқындайды.
Үйірме жетекшісі Азамат Қуантаевтың еңбегі де ерекше атап өтуге лайық. Оның кәсіби шеберлігі мен шәкірттерге деген жанашырлығы жас өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін ашып, оларды үлкен сахнаға жетелеп отыр.
Жеңімпаз жерлестеріміз 2026 жылы Ташкент қаласында өтетін халықаралық өнер байқауына жолдама алды. Бұл – олардың алдағы уақытта жаңа белестерді бағындырып, аудан намысын халықаралық деңгейде қорғауына берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінгі жас таланттар аудан мәдениетінің жарқын келбеті. Сондықтан олардың әрбір жетістігі – өңір үшін мақтаныш.