Елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына сапалы білім беріп, олардың қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – ауыл мектептері оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада. 9–11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылатын білім бәйгесі ауыл балаларының академиялық әлеуетін арттырып, дарынды жастарды анықтауға, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға дайындауға бағытталған.
Аталған олимпиада жыл сайын ауыл мектептеріндегі талантты оқушылардың білімін шыңдап, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтып, ауыл балаларына үлкен білім алаңында өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады. Осындай халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздары және олардың ұстаздарымен арнайы кездескен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев дарынды жастарды жетістіктерімен құттықтады. Тараз қаласында өткен кездесуге Таластық өрендер де қатысып, жетістік төрінен көрініп, аудан абыройын асқақтатты.
Биылғы олимпиадада Талас ауданы оқушылары да жоғары нәтижелерімен ерекшеленді. Аудан мектептерінен қатысқан дарынды шәкірттер білім сайысында өздерінің терең дайындықтарын дәлелдеп, облыстық кезеңде үздік көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде 28 оқушы облыстық кезеңге өтіп, жүлделі орындармен марапатталды. Облыстық кезеңде үздік танылған 10 оқушы республикалық кезеңге жолдама алып, Республикалық додада 4 оқушы ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болды. Сондай-ақ 1 оқушы грамотамен марапатталып, өзінің жоғары білім деңгейін көрсетті. Білім көкжиегінде жоғары жетістіктерге жеткен дарынды жастармен кездескен облыс басшысы Ербол Қарашөкеев білім мен ғылым жолындағы табандылықтың ел болашағы үшін маңызы зор екенін айтып, оқушыларға сәттілік тіледі.
Кездесу барысында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жеңімпаздарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып,100 мың теңгелік сертификаттар берілді.