Инвесторлармен кездесті
«AMANAT» партиясы Талас аудандық филиалында аудан прокурорының орынбасары Асылхан Тилешов инвесторлармен кездесу өткізді. Жиынға сондай- ақ, аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов пен басқа да салалық ведомстволардың өкілдері қатысты.
Жергілікті мемлекеттік аппараттың бизнес қоғамдастықпен өзара сенімді байланысын арттыру мақсатында өткен кездесуде аудан прокурорының орынбасары Асылхан Тилешов кәсіпкерлерді қолдау және прокуратура органдары талап ететін инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы айтты.
Кез — келген аймақтың экономикасына инвестиция салудың рөлі зор. Инвестиция тарту ең алдымен кәсіпкерлердің жобаларын ұлғайтуға мол мүмкіндік береді. Соңғы жылдары инвесторлар көптеп келетін экономикалық аймаққа айналған өңірімізде қазіргі таңда бірнеше ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Аудандағы ірі компания «Talas Investment company» бүгінгі таңда екінші кезеңін іске қосу бағытындағы жұмыстарын жүргізуде. Өндіріс қуаттылығын арттыру арқылы өнім көлемін де еселеп ұлғайтуды мақсат тұтқан аталмыш компания бұл бағытта жұмыстарда инфрақұрылым тарту ісінде кейбір қиыншылықтарға тап болуда.
Жиын барысында осы мәселені алға тартқан «Talas Investment company» бас директорының орынбасары Әбдіғали Жунисов: – «Өндіріс қуаттылығы артқан сайын қажетті тұтынатын электр қуаты да сәйкесінше артуда. Сол себептен жобаның екінші кезеңін іске асыру жұмыстары барысында қосымша электр бағаналары тартылып, тоқ жүргізілген болатын. Осы жұмыстарды жүзеге асыру барысында кейбір қиындық туғызған мәселелерге кездестік. Аудан басшылығының қолдауымен және бірлесе жұмыс жүргізуіміздің нәтижесінде бұл мәселелер қазіргі таңда толықтай шешімін тапты. Десек те, индустриалдық аймақтың заңнамасына қатысты кейбір мәселелер жоба көлемін арттыруда кедергілер келтіруде», — деді. Өз кезегінде жиынға қатысқан «AsiaChem», «KARATAU CHEMICALS» және «Asia NST Group» компанияларының өкілдері де аудан аумағында инвестициялық жобаларды іске қосуда осы инфрақұрылым тартуда кедергілерге тап болып жатқандықтарын алға тартты.
Инвесторлар тарапынан көтерілген осы және өзге де мәселелерге қатысты аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов индустриялық аймақтарға электр желілерін тарту мәселесі алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетіндігін жеткізсе, аудан прокурорының орынбасары Асылхан Тилешов аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобаларға заң органдары тарапынан сүйемелдеу болатындығына тоқталды.