Жүгіруден жүлдегер атанды
Қаламыздағы №31 балалар — жасөспірімдер спорт мектебінде бірнеше спорт түрімен кәсіби деңгейде шұғылданып, түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген спортшыларымыз жетерлік. Мұны мектептегі жүйелі жұмыс пен бапкерлердің біліктілігінің жемісі деп айтсақ артық етпес.
Жақында ғана жеңіл атлетикадан облыс чемпионаты өтіп, онда барған спортшыларымыз топ жарды. Бағы мен бабы қатар келген Сүйінші Зиятхан 500 метрлік жүгіруді 1 минут 39 секунд нәтижесімен аяқтап, 1 орын иеленді. Бұл бапкері Диана Смамбаеваның талапшылдығы мен табандылығының жемісі. Айта кетейік, Меркі ауданында өткен облыстық чемпионатқа 150-ден астам спортшы қатысты.
Жеңіл атлетика адам ағзасына оң әсер етеді. Жеңіл атлеткамен айналысатын спортшының шыдамдылығы берік, жылдамдығы жоғары, денесі иілгіш, координациясы мықты болады делінген зерттеулерде.
Негізі спорттың кез-келген түрін жанына серік еткен, серік етіп қана қоймай, еңбектеніп тер төксе, кәсіби түрде шұғылданса нәтижелі болмақ.