Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауданда жалғасуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс», — деген болатын.
Шын мәнісінде тазалық пен абаттандыру кез-келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, мәдениетіміздің өлшемі. Туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, өлкенің экологиялық тазалығына ат салысу әр азаматтың борышы. Әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы- тұтас қала мен ауылдың айнасы. Тазалық айлығы аясында аудан халқы туған жерді түлетуге бір кісідей жұмылып, тазалық жұмыстарына атсалысуда. Президенттің бастамасымен қолға алынған жалпыхалықтық тазалық акциясы ауданда іске асып, бұл жұмыстарға 1500 –ге тарта тұрғындар қатысты.
Қаратау қаласы аумағында орналасқан 68 аулаға жүргізілген санитарлық тазалық жұмыстарына 23 мекеме қызметкерлері атсалысты. Бұдан бөлек аталған шараға жүк көліктері де жұмылдырылды. Ауданда 5 апта бойы экологиялық іс-шаралар өткізу жоспарланған болса, жалпыхалықтық тазалық шарасы алдымен «Таза Өлке» атты акциямен бастау алып, көше мен аулалар қоқыстан тазартылды. Шараға сондай-ақ, еріктілер, қоғам белсенділері және зиялы қауым өкілдері ат салысты.
Тазалық жұмыстары барысында қала аумағынан 120м2 көлемінде қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, Қаратау қаласы ішіндегі 27 аялдама, 236 жол белгілері және 360-қа жуық бағаналар ретке келтірілді.