Аймақтағы ахуал бақылауда
«AMANAT» партиясы Талас аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының жұмысшы тобы аудан аумағында орналасқан көлдер мен әуіттердің, өзендердің жағдайы және су тасқынының алдын алу бойынша қабылданған шаралардың іске асырылу барысына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Зерделеу жұмыстарына партия аудандық филиалы бақылау комиссиясының мүшелерімен бірге «ҚазСуШар» АҚ Жамбыл облыстық филиалының «Ақкөл өндірістік бөлімшесі», Талас ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де қатысты. Жұмысшы топ Қаратау қаласы маңындағы «Жартас» көлі мен «Кирпичный», «Мыңшұқыр» әуіттерінің сонымен қатар «Ақтоған» каналының жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда «жартас» көліне «Ақтоған» каналы арқылы 2,5 м3 су құйылған, ал «Мыңшұқыр» әуітіне бүгінгі таңда 2,0 м3 көлемінде су жіберілуде. Зерделеу жұмыстары барысында жұмысшы топ өкілдері әуіттерге су жіберуде сақтық шараларының сақталуын, гидротехникалық құрылымдардың техникалық жағдайын назарға алды.
Айта кету керек, қазіргі таңда аудан аумағында су жіберу жұмыстары аяқталып, шағын көлдер мен әуіттер толтырылса, Көшек батыр ауылындағы «Қызыл» су қоймасында аталмыш жұмыстар жалғасуда. Дегенмен, «Ақкөл» көлін толық толтыру үшін әлі де жұмыстар жүргізілу керек.