Шаһар шырайы — Тазалық
Адам – табиғаттың төл перзенті. Халқымыз көктем келісімен ауласын тазалап, үйінің айналасына гүл, жасыл желектер егіп, су ағатын арық пен бұлақтардың көзін ашқан. Бұл тек тазалық ғана емес, шаһар шырайы мен өзімізге жасалған құрмет деп білген жөн.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталып, еліміздің түпкір-түпкірінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл акцияның өзіндік ерекшелігі де бар. Әр аптада атқарылатын жұмыс тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.
Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды «Таза өлке» аясында тазалайды. Екінші апта «Киелі мекен» — тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады. Үшінші апта «Жасыл аймақта» көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі. Акцияның төртінші аптасы «Өнегелі ұрпақта» ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді. Акцияның қорытынды — бесінші аптасы «Мөлдір бұлақта» өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.
Аталған нақты тапсырмалар негізінде акцияның «Киелі мекен» тарихи-мәдени ескерткіштерінің аймағын абаттандыру тақырыбы бойынша қаламыздағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған арнайы орынды қала әкімдігінің аппараты қолға алып, аллея аумағындағы тал-дарақтарды бұтап, әктеп, гүлзарлардың түбін қопсытып, көкалдардың артық шөбін орып, қоқыстан тазартты.
Саяси мәні зор саналатын орынды қала әкімі Д.Байымбетов пен қызметкерлері күнделікті жұмыс уақытынан ерте бастап, игі істі бір үйдің баласындай жұмыла атқарды.