Арайлым Азия чемпионатының жеңімпазы
аластық дойбышылардың қарымы мен қабілеті қарсыластарға жақсы таныс. Қандай деңгейдегі жарыс болмасын жүлдесіз оралған емес. Бұл алғашқы кезекте дойбышыларымыздың тынымсыз ізденісі мен баланың талабын ұштай білген жаттықтырушылар Берік Пшанов пен Жаухар Дәуренбекованың еңбегі деп түсінуіміз керек.
Сенім артқан спортшымыз Арайлым Мейірбек Азия чемпионатында өз мықтылығын дәлелдеп берді. А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 11 сыныбында оқитын Арайлым Қанышқызы бұған дейін 100 шаршылы дойбының классика түрінен Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы, ал шапшаң ойын түрінен ел чемпионатының күміс жүлдесін иеленген болатын.
Бұл жолғы Ташкент қаласында өткен Сары құрлықтың үздіктері бас қосқан додада жерлесімізге жеңіс оңай келген жоқ. 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы бәсекеде 18 мемлекеттің кіл мықтылары өзара жүлделі орындарды сарапқа салды. Дойбының блиц түрінен сынға түскен бұрымдымыз тыңғылықты дайындығы және ойын шеберлігімен ерекшеленіп Азия чемпионы атанды. (1-сурет)
Сондай-ақ, дәл осы чемпионатта білікті бапкер, ардагер спортшы Берік Пшанов та өз мүмкіндігін байқап көрген болатын. Талай жарысқа түсіп тәжірибе жинап төселген Б.Пшанов Азия чемпионатында 100 шаршылы дойбының классика түрінен бақ сынап, қола жүлде иегері атанды