Жерлестеріміз жеңіспен оралды
Шу ауданында қазақ күресінің негізін қалаушы Арман Байтұрғанұлы Смайылды еске алуға арналған қазақ күресінен 2010-2011, 2012-2014 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасында облыстық турнир өткен болатын.
Балуан Шолақ ауылында өткен жарыста 600-ге жуық балғын спортшылар қатысты. Әр салмақ бойынша 60-тан астам жас бозкілем шеберлері бақ сынады. Бәсі басым бәсекеде үміт артқан таластық спортшылар мықтылығын дәлелдеп, тұғыр биігінен көріне білді.
Бажан Бекетаев басқаратын №33 Ақкөл ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен барған 3 шәкірт те шеберлігімен ерекшелене білді. Білікті бапкер Досан Қалаубековтен шеберлігін шыңдап жүрген Жақсылық Үшкемпір (26 келі), Бекнұр Ермек (46 келі), Ислам Әбу (55 келі) бозкілемде қарсыластарының осал тұсын тауып, тұғыр биігінен көрінсе, Қаратау қаласындағы №31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінінің Нұртас Ерғали, Ерасыл Райымбек, Нұрасыл Райымбек турнир жеңімпазы атанды.
Сондай-ақ аққұмдық (бапкері Барбол Жәуіш) Қайсар Марковке 38 келі салмақта тең келер қарсылас табылмады. Турнирдің алтын медалі Қайсарға бұйырды.