Заманауи монша ел игілігіне ұсынылды
Ауданымызда «туған жерге туыңды тік», — деген қағиданы берік ұстаған азаматтар жетерлік. Олар өз кезегінде туып-өскен ауылының өркендеуіне, дамуына қомақты үлестерін қосып келеді.
Сондай жомарт жандардың бірі үшаралдық кәсіпкер Данияр Жаппаров. Ол жерлестеріне замануи үлгіде монша соғып беріп, ел игілігіне ұсынды. Қомақты қаражат жұмсалған моншада ерлер және әйелдер бөлімшелері бар. Әр бөлімше демалыс бөлмесі, дәмхана, бассейнмен жабдықталған. Бір мезгілде 20-25 адамға қызмет көрсете алады. Сонымен бірге, көршілес ауылдардың тұрғындарын да қабылдауға мүмкіндігі бар. Және алдағы уақытта 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Жүсіпов пен еңбек ардагері Асанхан Мотаев жерлестеріне осындай сый жасаған Даниярға ауылдастары атынан рахмет айтып, иығына шапан жапты.
Қыстаубай Сағынтаев, Сәлкен Жартыбаев, Қыдырәлі Жүсіпов, Асан Жетенов сынды ел ағалары моншаның лентасын қиып, аналарымыз шашу шашты.
Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп, ғимараттың ауласын абаттандыру жұмысына қатысты.