Таластықтар театр фестивалінің жеңімпазы
Шона Смаханұлы туралы айтқанда, есімізге қызыл сөздің шебері, киелі ана тіліміздің жанашыры, сатираның сарбазы, Таластың тау тұлғасы есімізге түсері анық.
Киелі Талас топырағында дүниеге келіп, артынан өшпес мол мұра қалдырған ақынның биыл туғанына 100 жыл. Осы айтулы датаға орай халқымыздың рухани дүниесіне қосқан баға жетпес туындыларын дәріптеу мақсатында халық театрларының «Жүз шымшыма…» атты республикалық әзіл- сықақ байқау фестивалі өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырумен Тараз қаласында өткен фестивалға еліміздің әр өңірінен 14 театр қатысып, өзара бақ сынады.
Қаламгер өзі мақсат етіп алған жанрына бүкіл шығармашылық ғұмырында адал қызмет етіп, оның қыр – сырына мүмкіндігінше тереңірек енуге тырысып, түрлі көркемдік барлаулар жасап отырды. Соның нәтижесінде әзіл-сықақ жанрының әр саласында көңіл тұщытарлық еңбектер туғызды. Оның сатиралық әңгімелері, юморескалары, мысалдары мен шымшымалары, пародиялары мен скетчтері іліп түсетін өткірлігімен есте қалды. Ақынның артына қалдырған рухани мұрасынан бөлек туған тілдің тағдыры жолындағы қайраткерлік қызметі бір төбе.
Шона Смаханұлының шығармашылық мұрасын насихаттау, әзіл-сықақ жанрының көпшілікке танылуына жол ашу, еліміздегі халық театрларының бір- бірімен тәжірбие алмасу мақсатында ұйымдастырылған байқауға Жамбыл облысынан Мойынқұм, Т.Рысқұлов және ауданымыздың «Талас халық театры» қатысқан болатын. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты театр тарландары қазылық еткен межесі биік додада таластықтар жүзден жүйрік шығып, Бас жүлдені жеңіп алды. Республикалық додада мерейі үстем болған «Талас халық театрының» құрамын аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтады.
Ауданның мәдени, рухани өміріне үлкен үлес қосып жүрген Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының ұжымына шығармашылық табыстар тіледі.