Аймақинфо- ақпараттық портал

Тіл — ұлтымыздың тірегі

0 11
Қазақстан Республи­касы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі.
Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деп айқын көрсетілген. Бүгінгі күні мемлекеттік органдарда іс жүргізу тілі мемлекеттік тіл болып белгіленген.
Тіл – ұлтымыздың тірегі. Егеменді еліміздің бірден бір кепілі – мемлекеттік тіліміз. Мемлекеттік тілдің дамуына, қолданылуына атсалысу әрбір Қазақстандық үшін үлкен міндет, азаматтық борыш деп түсіну қажет. Тіл – мемлекет болып қалыптасуымыздың қайнар көзі. Яғни тіл болмаса ел болмайды. Тілін дәріптеген, тілінің дамуын өркендеуін қамтамасыз еткен елдің болашағы зор болмақ.
Сот төрелігін жүргізу, сотта істерді қарау, соттың ішкі құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізу – бүгінгі күннің мемлекеттік тілді дамыту мақсатында қойып отырған талаптарының бірі. Сотқа түскен құжаттар, қандай мекеме болмасын талап қоюларды, жауапкер басқа ұлттың азаматы болмаған жағдайда, мемлекеттік тілде жолдау қажеттігі туралы талап қойылып отыр.
Бұл талап күннен күнге орындалуда деп айтсақ қателеспеген болар едік. Себебі сотқа түсетін кіріс құжаттардың барлығы дерлік тараптардың бірі, атап айтқанда жауапкер басқа ұлттың азаматы болған кезден басқа, талаптар мемлекеттік тілде жолданып, мемлекеттік тілде қаралуда.
Соттың ішкі құжаттары, жедел кеңес хаттамалары, семинарлық сабақтар, дөңгелек үстелдер, басқа да кездесулер мен салтанатты жиындар мемлекеттік тілде өткізіліп, хаттамалары мемлекеттік тілде дайындалуда. Ал соттан жолданатын барлық құжаттар жүз пайыз мемлекеттік тілде жолдануда. Ресми тілде түскен арыз шағымдарға жауап хаттар міндетті түрде екі тілде жолданады. Мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудыру, мемлекеттік тілдің қолда­нылуына атсалысу Қазақс­танда тұратын барша саналы азаматтардың азаматтық борышы деп есептеймін.
Сондықтан «Ел бола­мыз десең — бесігіңді түзе» деген қанатты сөздер тегін айтылмаса керек, тіл — ұлты­мыздың, егемен­дігіміздің тірегі. Сөздікке бай, мағыналы, мәнді сөзге толы тілімізді дәріптейік, кеңінен қолданы­луына барлығымыз бір кісідей атсалысайық, келешек ұрпағымызға ана сүтімен дарыған шұрайлы да қасиетті тілімізді жеткізіп, Тәуелсіздік туы желбіреген Мәңгілік ел жасай берсін дегім келеді!
П.Бекбердиева,
Талас аудандық сот әкімшісінің бас маманы.
Leave A Reply

Your email address will not be published.