БАҚ өкілдері арасындағы бәсеке
28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Тараз-арена» спорт кешенінде БАҚ өкілдері арасында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық спартакиада өтті.
Баспасөз және телерадио қызметкерлерінің басын қосқан бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбек, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы облыс және аудандардан келген сала өкілдері спорттың арқан тарту, эстафета, үстел теннисі, дойбы, кіші футбол, қол күресі түрлері бойынша өзара мықтыны анықтады.
Спартакиада барысында «Talas tynysy» газетінің қызметкерлері республикалық «Салық тәртібі» газетінің атынан шықты. Өткен жылы ұйымдастырылған жарыста да «Меркі тынысы», «Мойынқұм таңы», «Әулиеата», «Talas tynysy» газетінің қызметкерлері «Салық тәртібі» газетімен ортақ команда құрып үздіктер, қатарынан көрінген болатын.
«Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, «Talas tynysy», «Мойынқұм таңы» және «Меркі тынысы» газетінің директоры Олжас Иенберген жарысты тамашалап, командадағы әріптестеріне қолдау білдірді.
Намысқа тырысқан команда спортшылары биылғы спартакиада да шеберліктерімен ерекшеленіп, тұғырдағы орнын сақтап қалды. «Talas tynysy» газетінің қызметкерлері Нарбол Қашаған спорттың үстел теннисі түрінен 1-орынды иеленіп, өткен жылғы жетістігін қайталаса, Гүлдерайым Әлімжанова қыздар арасында қол күресін 3-орыннан көрінді. Сондай-ақ «Салық тәртібі» газеті командасынан ардагер журналист Сүндетолла Әбілов дойбыдан жеңімпаз атаса, ал қол күресінен Айдос Әбіл 3-орынға тұрақтады. Сонымен қатар командалық ойын түрлері эстафета мен кіші футболдан ақтық сынға дейін жеткен спортшыларымызға спартакиаданың күміс жүлдесі бұйырды.
«Салық тәртібі» командасы өткен жылы тұғырдың екінші сатысынан көрінген болатын. Биыл да сол нәтижені қайталаған құрама спортшылары «Тараз-пресс» командасына сәл ғана ұпай айырмашылығымен жол беріп қойды. Жалпыкомандалық есепте 1-орынға «Тараз-пресс», 2-орынға «Салық тәртібі» жайғасса, үздік үштікті «Jambyl» телеарнасы түйіндеді.