Париж Олимпиадасында 80 спортшы ел намысын қорғайды
Cанаулы күндерден соң төртжылдықтың басты спорт бәсекесі Париж Олимпиадасы басталады. 26 шілдеде жалауы желбірейтін дүбірлі додаға Қазақстаннан 80 спортшы барады. Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше олар 25 спорт түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығы бойынша додаға түспек. Франция астанасында ел намысын қорғайтын 80 атлетіміздің 54-і ер адам болса, 26-ы әйелдер. Құраманың орташа жасы-26,5.
Олимпиаданың іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ең көп 12 спортшы Астана қаласынан барады.
Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайтын спортшылардың кішісі таэквондошы Батырхан Төлеуғали. 80 келі салмақта бақ сынайтын оның жасы 18-де. Ал, ұлттық құраманың жасы үлкен спортшысы семсерлесуден жолдама иеленген 38 жастағы Эльмир Алимжанов.
Тағы айта кетерлігі төртжылдың басты додасына бокстан әйелдер құрамасы алғаш рет үш спортшыға сенім артып отыр.
Жалпы Париж Олимпиадасына әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатыспақ. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Биылғы Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын ең көп спортшылар тізімін АҚШ бастап тұр. Олардың қоржынында 592 Олимпиада жолдамасы болса, Франция 587 спортшыға сенім артып отыр. Ал, үздік үштікті 468 атлетпен Австралия елі түйіндеп тұр.
Ең көп спортшы апаратын мемлекеттер қатарында Қазақстан 80 жолдамамен 38 орынға тұрақтаған. Осы уақытқа дейін еліміз жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 79 жүлдесін жеңіп алған. Оның ішінен 15 Олимпиада чемпионы шықты.
Тағы бір айта кетерлігі Париж әлемді Олимпиада ойындарында үшінші рет қарсы алады (жарыстар 1900 және 1924 жылдары өтті).
Биылғы Олимпиада ойындары шілденің 26 мен тамыздың 11 аралығында өтеді.