Аймақинфо- ақпараттық портал

Ардагерлер- ел ұйытқысы

0 18
Ұлттық құндылықтарды жаңғырту, салт-дәстүрді дәріптеу, ысырапшылдықтан арылу осы және өзге мәселелер «Елдіктің тоғыз бағыты-жас ұрпаққа бағдар» атты Ойық ауылында өткен облыстық ардагерлер ұйымының семинар-кеңесінде кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар, алқалы жиында Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы міндеттер талқыланып, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар бағамдалды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев бастаған ауыл-аймақтағы ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері алдымен Ақкөл ауылдық округіне барып, мемлекет және қоғам қайрат­кері Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар, ауылдық мәдениет үйіне бас сұғып, мекеме қызметкерлерінің өнері мен арнайы әзірленген көрмені тамашалады. Ауыл­дық ардагерлер кеңесі тө­рағасының жұмыс бөлмесін­де болып, ұйым тарапынан қолға алынып жатқан бастамаларға баға берді.
Мұнан соң Ойық ауылындағы орта мектеп түлектері орнатқан «Д.Қонаев белгісіне» аялдаған жиын қонақтары Бөлтірік шешен кесенесіне, Қарақожа мешітіне және Рысқұлдың (Тұрар Рысқұловтың әкесі) бейітіне тәу етіп, әруақтарға дұға бағыштады. «Ауыл аманаты» жобасы аясында төмен пайызбен несие алып, іс бастап отырған ауыл азаматтарының кәсібімен танысты.
Ойық ауылдық округіндегі «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған ұлттық нақыштағы көрмелер мен құрылған киіз үйлер, асық ойнаған бозбалалар, боз кілемде белдескен палуандар, алтыбақан тепкен жастар, ән тербелген сахна өңірдегі еңбек ардагерлерінің басын қосқан жиынның деңгейін арттыра түсті.
Ұйымдастырушылар тарапына ризашылықтарын білдірген жиын қонақтары бұдан кейін Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінде өткізілген «Елдіктің тоғыз бағыты — жас ұрпаққа бағдар» атты семинар-кеңеске қатысты.
Ардагерлер-екі миллионнан астам мүшесі бар ең ірі ұйым. Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауына жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда аталған ұйым мүшелері аз еңбек сіңіріп жатқан жоқ. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына, мемлекеттік бағдарламалардың тиісті деңгейде орындалуына үн қосып келеді. Нәтижесінде облыс көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылар саны 8 мыңға азайды. «Жомарт түлек» жобасының игілігін ауыл тұрғындары көріп отыр. Ізгі бастамаға бұдан әрі өрістетуіміз керек. Бұл жайында жиын барысында Еркімбек Солтыбаев айтты.
Сонымен қатар, семи­нарда ауданның әлеу­мет­тік-экономикалық даму ба­рысын баяндаған аудан әкімі­нің орынбасары Айтолқын Әбдібекова бұл бағыт­та атқарылып жатқан жұмыс­тарға жеке-жеке тоқталды.
Айтолқын Серікқызының айтуынша, аймақта биылғы жылы 2318 азамат жұмыспен қамтылған және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. 2019 жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларының саны 255-ке кеміген. Мүмкіндігі шектеулі зейнет жасындағы 35 ардагер шипажайға жолдама алған.
Өз кезегінде Ойық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманбердіұлы ауыл көлемінде жүзеге асып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
— «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл азаматтарының қаржылай демеушілігімен 1 отбасыға 1 баспана соғылса, 4 отбасының үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100-ден аса тұрғын 2,5 пайызбен несие рәсімдеп, кәсіптерін жалғастырып отыр. Ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен мектеп түлектері балалар ойын және спорт алаңшасын, саябаққа субұрғақ орнатты, атшабар соқты. Жомарт жандар айналаның шырайын келтірген көптеген игі іске көмек көрсетіп келеді,-деген Пана Рахманбердіұлы жүйелі жұмыстардың жалғасатындығын жеткізді.
Сондай-ақ, басқосуда ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын алға тартқан облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов елдігімізді танытып, ауызбіршілігімізді сақтау үшін ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға көңіл бөлуге шақырса, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы ұйым тарапынан жүзеге асқан жұмыстар мен алға қойған міндеттерге тоқталды. Ал, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ақынбек Бектай жердің шалғайлығына қарамастан уақыт бөліп келген ардагерлерге ризашылығын білдірді.
Кезекті баяндамалардан соң сөз алған Жаңабай Миллионов «Елдіктің тоғыз бағыты-жас ұрпаққа бағдар» атты облыстық семинар-кеңестің Үндеуімен таныстырды.
Жиын соңында Ойық ауылдық ардагерлер кеңесінің жұмысына оң баға берген Еркімбек Бейсембекұлы ардагерлер ұйымын халықпен бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.