Серіктестікке артылатын сенім көп
Көктал мрамор карьері бір кездері іргелі кәсіпорын қатарынан саналып, тірлігі қарбалас аймаққа айналған дегенге кейінгі жастар көп сене қоймас. Осы маңда бұдан бөлек бірнеше карьер қатар іске қосылды. Тек бір ғана Көктал мрамор карьерінің өзінде 70-тен аса жұмысшы еңбек етіп, табысын осы жерден айырды.
Алайда, 90-шы жылдардағы аумалы кезең жоғардағы кәсіпорындарды да айналып өткен жоқ. Салдарынан өндіріс ошақтары жұмысын тоқтатты. Бақылау болмағандықтан нысандар бұзылып, заттары қолды болды.
Жалпы мәрмәртас-әлемдегі ең әдемі және сұранысы көп тау жынысының бір түрі. Берік әрі дақтар мен сызаттарға қарсы тұратын қабілетімен, суға төзімділігімен және жоғары температураға төтеп беруімен ерекшеленеді. Мамандардың айтуынша, Көктал ауылдық округіне қарасты аумақта мәрмәртасының жүз жылға жетерлік қоры бар көрінеді.
Бұған дейін де Көктал ауылының тұрғындары тарапынан өңі кетіп, құлазып қалған карьерді пайдаға жарату туралы аз көтерілген жоқ. «Сабақты ине сәтімен» деген. Араға жылдар салып бос тұрған кәсіпорын жерлерін игеруге талап білдірушілер де табылып жатыр.
Бұрынғы Тараз мрамор карьерін пайдаланып, өнім шығаруға ниет танытқандардың бірі-«Азия НС» ЖШС. Серіктестіктің Көктал ауылы аумағында жұмыс бастағанына екі жылға жуықтады. Ал мрамор карьерін игергеніне бір жарым жылдан асты.
«Азия НС» ЖШС-нің жоба жетекшісі Қожахмет Ауданбековтың айтуынша, бүгінгі күні серіктестік мрамор қоқымын, мрамор қоспасын шығарады. Сонымен қатар, карьерден тасымалданған өнімдерді арнайы уатқыш-сұрыптағыш кешен арқылы ұнтаққа айналдырады.
Мұндай өнімдер құрылыста кеңінен пайдаланылады. Қазір тиісті жұмыстарға жүк артқыш, КамАЗ, экскаватор сынды арнайы техникалар тартылған. 6 адам жұмыс жасайды. Олардың еңбекақылары атқарған жұмыс көлемімен есептеледі. «Азия НС» ЖШС айына 7 мың тонна өнім шығарып отыр.
— Мұнда жұмыс жасауға 10 жылға келісім-шартымыз бар. Алдағы жылдың басынан өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, шығаратын өнімдердің қатарын мрамор ұнтағымен толықтырмақпыз,-дейді Қожахмет Мұхтарұлы.
Бүгінде Көктал ауылына жақын орналасқан карьерлерді пайдаға жаратып, іске косушы серіктестіктердің табылып жатқанына ауыл тұрғындары да риза. Өйткені, шағын кәсіпорындар ауылдың тұрмысын көтеруде, жаңа жұмыс орындарын ашуға аз үлес қоспайды.
Мрамор — құрылыс және өзге де салаларда үлкен сұранысқа ие өнімнің бірі саналады. Олай болса, алдағы уақытта оны игеруге ниет танытқандардың да қатары артады деген сөз. Аумаққа инвестиция тартылып, карьерлер бұрынғы жұмыс қарқынына қайта оралса, аудан экономикасына серпін берер еді. Жергілікті тұрғындарды үміттендіріп отырған да осы жайт.