Тарихты тану ұрпаққа жалғасар ұлағат
Талас жері -тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен. Топырағы қашаннан ерлік пен елдіктің, қайнаған еңбектің мекені болған Талас өңірінің дамуына аудан тұрғындары да өз үлестерін қосып келеді.
Ауданның ең басты байлығы – оның еңбексүйгіш адамдары. Түрлі салада еңбектеніп, мәдениет майталманы,ақ халатты абзал жан атанып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген жерлестеріміздің жетістіктерін жас ұрпаққа танытып, үлгі ету мақсатында «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» жобасы қолға алынған болатын. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай жарияланған «Туы биік, тұғыры берік — Жамбыл» өлкетану оқулары аясында облыстық мемлекеттік кітапханаларында өтетін байқаулық іс-шаралар жоспарына сәйкес арт- керуен кеші апта ішінде Талас аудандық орталық кітапханасының ұйымдастырумен өтті.
ҚР Мәдениет қайраткері, Жамбыл облысы және Талас ауданының Құрметті ардагері, әнші, музыкант Есенхан Рымқұлов, жары Қазақстанның құрметті кітапханашысы, ҚР номері 1-ші гинекологы, репродуктолог, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін медалінің иегері, Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген еңбегі үшін «Алтын дәрігер» медалінің иегері Перизат Байқошқарова және 86 жастағы 7 бала тарбиелеген алтын алқалы анасы Сабира Исақызы, доктордың жары Ниязов Сағатбек Айтқұлбекұлы, Елімізге танымал сазгер, ақын, Мәдениет саласының үздігі, «Үкілі үміт» композиторлар байқауының лауреаты Бәкір Сәрсенбек Бәкірұлы кештің құрметті қонақтары болды. Талас ауданының Құрметті азаматы, ақын Үміт Битенова, Мәдениет саласының үздігі, Жамбыл облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова облыстық байқауға төрелік етті. Кешті аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімнің басшысы Нұржан Мұхтаров ашты.
Кеште Талас өңірінен шыққан жерлес қаламгерлеріміздің өлең-жырлары оқылып, Жерлес ақын қызымыз Үміт Битенованың «Аққанат көбелек әппақ қар» атты әнін Талас аудандық кітапхананың директоры Шынар Жұмабекова шырқады. Сазгер Сәрсенбек Бәкірдің «Соғады сен деп жүрегім», Шындықты жазуды серт еткен, тағдырмен тайталасқан жырлардың авторы Серік Томановтың «Құс қанат ғұмыр» әндері шырқалды. Сәрсенбек Бәкірдің «Аузынан айдың түскен қыз» атты әнін автордың өзі орындады. Сазгердің «Аузынан айдың түскен қыз» атты әндер жинағының тұсау кесер рәсімі өтті.
Шара соңында қазақ руханиятының жоқшысы, сақшысы, сатирик, жазушы Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай Талас халық театры «Біз осы үйдің келіні боламыз» атты қойылымын қойды.
«Тұғыры биік Талас» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, келген оқырмандарға таныстырылды.