Аймақинфо- ақпараттық портал

Ардагер спортшының жүлдесіне арналды

0 24
Досан Қалаубековтің есімі өңір жұртшы­лығына жақсы таныс. Бота тірсек бала шақтан күреспен шұғылданып, талай белесті бағындырды. Күресті өмірінің бір бөлігіне айналдырған Досанды күрессіз елестету мүмкін емес. Оның аудан көлемінде спорттың осы түрін дамытуға қомақты үлес қосқанын ешкім жоққа шығара алмас. Спортшының жасы жер ортасына жетсе де, бала кезден атой салған бозкілемнен алыстап кеткен жоқ.
Ардагер спортшы атанған шақта да қатарластар арасында жарыстарға түсіп, бабында екенін таныта білді. Бұл оның спортқа деген сүйіспеншілігі, шынайылығы болса керек. Самбодан Еуропада өткен ардагерлер арасындағы додада жеңімпаз атанды. Одан бөлек әлемдік деңгейдегі жарыстардан олжасыз қайтқан емес.
Қазір қаншама жыл жиған тәжірбиесін із басқан шәкірттерімен бөлісіп, күрестің қыр-сырын үйретіп келеді. Нәтиже де жоқ емес, оның алдын көріп, тәлімін алған балалар түрлі бәсекелерде топ жарып жүр.
Жақында өмірін спортпен байланыстырған Досан Қалаубеков 50 жасқа толды. Айтулы асу, мерейлі белес. Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, самбо күресінен әлем чемпионы және үш мәрте қола жүлдегері атанған Досан Қалаубековтің жүлдесіне арнап №33 Ақкөл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бажан Бекетаев қазақ күресінен 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында ауданның ашық турнирін өткізуге ұйытқы болды. Тартысты бәсекеге Тараз және Қаратау қаласы, Жуалы, Жамбыл, Сарысу аудандарымен қатар, ауылдық округтерден келген жас бозкілем шеберлері қатысты. 150-ден астам спортшы 11 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.
Турнирдің ашылу салтанатында Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратов, КСРО-ның спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем бірінші­лігінің қола жүлдегері, 1992 жылғы Еуропа чемпионы Ерік Мамадияров, Қазақ күре­сінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, білікті бапкер Нариман Әйтенов мерейтой иесіне жылы лебізін біл­ді­ріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы 17 аймақтан келген жас палуандар арасында жеңімпаздарды анықтау оңайға соққан жоқ. Шеберліктерімен ерекшеленіп, үздік деп танылған жас спортшыларға ұйымдастырушылар тарапынан медаль, диплом және арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.