Қос ауылдағы қуаныш
Ойық-аудандағы халық саны басым іргелі ауылдардың бірі. Ел егемендігін алған алғашқы жылдардағы ауыртпалықтар талай танымал тұлғаларды түлеткен қасиетті мекенге де оңай соқпады. Сол тұста құлазыған ауылдың болашағына күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Алайда, мемлекеттің қолдауы мен тұрақтап қалған тұрғындардың тілеуінің арқасында киелі мекенге көрік кіріп, ел тірлігіне шырай бітті.
Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар мен ауылдан түлеген азаматтардың көмегімен әлеуметтік нысандар бой көтерді, ауыз су мен газ құбыры тартылды. Өткен жылы ғана тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы қолдау тапты.
Тәуелсіздік күні қарсаңында дене шынықтыру — сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, тұрғындардың қуанышы тағы да еселене түсті. Көзге бірден шалынатын, көшеге көрік берген жаңа ғимаратта ендігі ретте ауыл жастары спорттың бокс, футбол, волейбол және күрес сынды түрлерімен айналысатын болады.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков және аудандық мәслихаттың төрағасы Қадірбек Садубаев елге ортақ қуанышқа тілеулестік танытып, балаларға спорттық жабдықтарды тарту етті.
Көптің игілігіне арналған нысанның лентасын ауыл қариялары Пана Рахманбердіұлы мен Бескемпір Бейсенбеев қиды.
Бұл күні Ойық ауылына қарасты Тұрымқұл елді мекені тұрғындары да көптен күткен қуаныштың куәсі болды.
Жалпы аудан көлемінде биылғы жылға 7 елді мекенге ауыз су жүйесін тарту жоспарланған болатын. Олардың қатарына Тұрымқұл ауылы да енген. Мереке қарсаңында игі жоба сәтімен жүзеге асырылып отыр.
Құрылыс жұмыстарына жауапты «Интеллект Азия» ЖШСтиісті міндеттерді мерзімінде аяқтап шықты.
Тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтаған Нұрбол Жүнісбеков, атқарылған жұмыстардың сапасымен танысып, ауыз су тартылған жеке үйлерді аралап көрді.
Елді мекенде қоныстанған 40 отбасы былайғы ретте тіршілік нәрін тәулік бойы тұтынатын болады.