Жұмысшы — мәртебелі мамандық. Адал еңбек ескерусіз қалмайды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама елдің экономикасын дамытуға, өндіріс саласын нығайтуға, ең бастысы, еңбек адамына деген құрметті жандандыруға зор үлес қосады.
Осыған орай, аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков бірқатар қарапайым жұмысшы мамандардың отбасыларына барып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Олардың қатарында «Игілік» көпсалалы кәсіпорнының автокран жүргізушісі Рысқали Майсупов, сонымен қатар осы кәсіпорынның көлікті жабдықтау цехының жүргізушісі Нұрсейіт Устемиров сынды қарапайым еңбек адамдары бар. Олар өз мамандығын кәсіби деңгейде жетік меңгеріп, тәжірибелілігі арқасында талай марапатқа ие болған.
Ал Бейсен Күзембаев Қаратау қалалық әкімдігіне қарасты қоғамдық жұмысшылардың жетекшісі ретінде қаламыздың тазалығын қамтамасыз етіп келеді.
Әрбір жұмыстың артында адал еңбек тұр. Соған орай Нұрбол Әбдімәжитұлы қарапайым еңбек адамдарының жұмысына айырықша назар аударып, игі тілектерін жеткізді, сый құрметін көрсетті.
Адал еңбек ескерусіз қалмайды.