Индустриалды аймақ — жаңа жұмыс орындары
Индустриалды аймақ Қаратау-Тамды тас жолының бойында орналасқан. Жер көлемі 49 гектарды құрайды. Аймаққа бөлінген арнайы жер учаскесі Тараз индустриалды аймақ кәсіпорнының басқаруында. Жалпы индустриалды аймақ дегеніміз-жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсету мен өнеркәсіптегі басым салаларды дамыту мақсатында бөлінген жер аумағы. Технологиялық және инновациялық өнімдер шығаруға, импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға басымдық беру. Жалпы индустриалды аймақтың концепциясы жасаларда алғашқы ретте жер жағдайы, халық тығыз шоғырланған аумаққа жақын орналасуы назарға алынады.
Қала іргесіндегі өндірістік және өнеркәсіптік бизнес жобаларға арналған аумақта жалпы құны 43,6 млрд. теңгенің 3 жобасын іске қосу жоспарланған. Бұған қатысты аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров: — «Азия Хим» ЖШС. 20,4 гектар жер бөлінген жоба 15,0 млрд. теңгені құрайды. Жылына 150,0 мың тонна фосфор тыңайтқышын шығарады. 50-100 адамды жұмыспен қамтитын серіктестіктің іске қосылу мерзімі 2024-2025 жылдар аралығы.
Сондай-ақ, индустриалды аумақта «Talas Invesment Company» ЖШС-нің екінші кезенің іске қосу жоспарланған. Мақсат-жылына өндірілетін 15,0 мың тонна натрий цианидін 30,0 мың тонна арттыру. Одан бөлек бұл қатарды «Karatau Chemicals» ЖШС толықтырып отыр. 20 гектар аумақ бөлінген жоба 25,0 мың тонна просульфитнатрий өндірмек. Жаңа ашылатын кәсіпорында 30 адам жұмыс жасамақ,-дейді.
Жалпы «Талас» субзона аймағында инфрақұрылымды тартудың 2 кезеңінде көгілдір отынмен, электр, байланыс су жүйесін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, оң шешімін тапқан. Индустрия және құрылыс министрлігіне 2024 жылға 1 669,5 млн. теңге көлемінде бюджеттік өтінім жолданған. Бүгінде бұл аумаққа инженерлік инфрақұрылымдарды тарту бойынша тиісті міндеттерді іске асыратын мердігерлермен келісім-шарттар жасалған.
Аталған аймақтан тағы бір жоба іске асырылмақ. Бұл туралы Ауданбек Тауасаров айтып отыр. «IRON LTD» ЖШС ыстық брикеттелген темір өндірмек. 2027 жылы іске қосылатын кәсіпорын 30 адамды жұмыспен қамтымақ.
Қаратау-Тамды тас жолының бойы қазірдің өзінде кәсіпорындар шоғырланған аумаққа айналып келеді. Аумақ көлемі ұлғайып жатса, оның игілігі аз емес. Өйткені өндіріс орындары арқылы ауданның экономикалық әлеуеті артып, жұмыс орындары ұлғаяды. Оған дәлел бүгінде толық қуатында жұмыс жасап жатқан «Talas Invesment Company» ЖШС. Аталған кәсіпорын 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Инвестициялық жобаның игілігі дегеніміз-осы.