Полиция қызметкерлері шетелдіктер тұратын мекенжайларды, құрылыс нысандарын, базарларды және заңсыз жұмыс күшін пайдаланатын ұйымдарды тексерді. Төрт күндік рейд барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 505 дерегі анықталған.
? Заңсыз жұмыс істегендер мен оларды жалдағандар жауапқа тартылды
Рейд барысында шетелдіктерді заңсыз еңбекке тартудың 179 фактісі анықталды. Мысалы, Талас ауданының Тамды ауылындағы зауытта көрші елдің 59 азаматының құжатсыз жұмыс істеп жүргені белгілі болды. Сондай-ақ, Сарысу ауданындағы тағы бір зауытта 5 шетелдік заңсыз еңбек еткені анықталды. Заң бұзған жұмыс берушілердің 28-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
? Елден шығарылмаған шетелдіктерге жаза қолданылды
Заңға сәйкес, белгіленген мерзімде Қазақстан аумағынан кетпеген 94 шетелдікке әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, он тәуліктен астам уақыт елден шығудан жалтарған 117 адам жауапқа тартылды.
? Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлер ұсталды
Рейд барысында құқық қорғау органдары төрт шетелдік қылмыскерді қолға түсірді. Олардың әрқайсысы өз елінде түрлі қылмыстар үшін іздеуде жүрген. Қазіргі таңда ұсталғандардың құқықтық мәртебесі тексерілуде.
Полиция көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау шараларын жалғастырып, заңсыз еңбек миграциясының алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуде.
