Аймақинфо- ақпараттық портал

Басылым бағындырған белес

0 12
Ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, бағыт-бағдары айқындалған, елдің үні, аймақтың айнасына айналған Талас аудандық «Talas tynysy» газетіне 90 жыл толып отыр.
Ең алғаш «Жұмысшы» деген атаумен жарық көрген басылым әр жылдары «Колхозшы», «Екпінді колхозшы», «Ленин жолы», «Талас тынысы» болып қалың оқырманға тарады. Осы аралықта аудандық газетті отызға жуық редактор басқарып, уақыт талабына сай түрленуіне үлес қосты. Ғасырға жуық аралықта басылым ел өміріндегі елеулі жаңалықтармен бөлісіп, талантты жастарды танытты, тағылымға толы шежіресін қалыптастырды.
Ғасыр жүгін арқалаған басылымның мерейтойына орай аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова редакция ұжымын қабылдап, аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтың құттықтауын жеткізді.
Шежірелі басылымның мерейлі белесі қалың оқырманға ортақ қуаныш екендігін алға тартқан Айтолқын Серікқызы редакция ұжымына жылы лебізін білдіріп, арнайы сыйлықтарды табыс етті.
Сонымен қатар, аудандық тарихи-өлкетану музейі «Talas tynysy» газетінің 90 жылдығына тілеулестік танытып, қуанышымен бөлісті. Мекеме басшылығының бастамасымен музей залынан арнайы бұрыш ашылып, көрме ұйымдастырылды. Онда әр жылдары түрлі атаумен жарық көрген аудандық газеттің тігінділері, басылымның өткенінен сыр шертетін фотосуреттер қойылып, видеороликтер көрсетілді.
Музей қызметкерлері ұйытқы болған шараға аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы, «Talas tynysy» газетінің қатысушысы, директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Қасабай, облыстық «Әулиеата» газетінің бас редакторы Қуаныш Егембердиев, «Talas tynysy» газетінің директоры Олжас Иенберген және Қазақстанның Құрметті журналисі Амангелді Әбіл, аудандық газеттің ардагерлері мен тұрақты оқырмандары қатысты.
Шарада сөз алған Ғалым Қасабай басылым­ның заманға сай қалып­тастырған келбетіне тоқталса, Айтолқын Серікқызы, Сәулембай Әбсадықұлы, Фатима Оразбекова, Жұмабек Әсемов редакция ұжымына елдің рухани көкжиегін кеңейту жолындағы еңбегіне тілеулестік танытты.
Сонымен қатар, редакция тарапынан «Talas tynysy» газетінің ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар табысталды.
«Talas tynysy» газетінің директоры Олжас Иенберген газеттің белсенді тілшісі, еңбек ардагері Фатима Оразбековаға Алғыс хат табыс етіп, жылы лебізін білдірді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.