Аймақинфо- ақпараттық портал

Тиіп тұр ғой Таразың, баға қайда барасың?

0 8
Қыс басталғалы бері қаратаулықтардың қалтасына салмақ түсті. Себеп — облыс орталығына қатынайтын такси бағасының қымбаттауы. «Қаратау-Тараз», «Тараз-Қаратау» бағытындағы такси қызметінің құны 1500 теңгеден 2000 теңгеге көтерілген. Еске сала кетсек, желтоқсан айында аймаққа қалың қар түсіп, ауылдар мен қалааралық жолдар жабылып, халықты біраз әбігерге салған болатын. Сол сәтті пайдаланған такси жүргізушілері бағаны күрт көтеріп жіберген. Одан соң қар еріді, жер қарайды, жол ашылды. Алайда, баға сол күйі қалып қойды.
Түнеу күні осы жайттың анық-қанығына жетпек болып, таксилер жиналатын орын «питакқа» бардым. Бағаның неге көтерілгенін сұрағанымда, «Барлық такси жүргізушілері бірауыздан осылай шештік» деп бекітілген Заң жобасы іске асырылып жатқандай жауап қайырды.
Иә, бүгінде бәрі қымбат. Тағам да, киім де, жол ақысы да. Жеңіл көлігіңіздің «құлқынын» қанағаттандырам десеңіз, қашықтығы жүз шақырым болатын Таразға жанармаймен жүретін көліктер үшін кемі 3000 теңге, газбен жүретін көлікке орташа есеппен 1500-2000 теңге керек. Сонымен, такси жүргізушілерінің уәжіне тоқталайық.
Жүргізуші де бір үйдің асыраушысы, бала-шағасын, отбасын түгел қамтып отырған адам екені түсінікті. Түрлі саладағы қызмет көрсету бағалары қымбаттап, оған қоса азық-түлік құны қоса көтеріліп жатқаны оларға да оңай емес. Еріккеннен күндіз-түні көлік тізгіндеп, екі ортаны жол қылып жүрмегені анық.
Бірақ! зардап шегіп жатқан – қарапайым халық. Айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген тұрғындарға кім жанашыр? Шаруамен ара-тұра жалғыз барып, жалғыз қайтатындарға мейлі-ау, облыс орталығы болғасын бір үйден бірнеше адам болып шығатын, аптасына бірнеше мәрте такси қызметіне жүгінетіндер ше? Бір айға шаққанын есептей беріңіз. Бірер жыл бұрын ғана бағаны көтеріп, халықты бір дүрліктірген такси жүргізушілері биыл да айды аспаннан бір-ақ шығарып отыр.
Көпке топырақ шашып, қаралаудан аулақпыз. Дегенмен кейбір такси жүргізушілері халыққа қызмет көрсету мәдениетін де толық ұстанбайды. Жолда жылдамдықты шамадан тыс асырып, жетер жеріне асығып отырған адамдарды емес, жолай ақылы «передачаларды» тасып, одан қалды қаланың шеткі аудандары болса қосымша ақы сұрап, қызмет алушылармен дауласып, беттен алып, безеулеп, ұрса жөнелетіндері бар. Неге? Себебі, асығыс. Әр жерге тоқтағанша төте жол­мен жүріп, бәрін жол-жөнекей түсіріп, кері қайтуға дайын отырғандарды іле кетуге асық.
Халық біледі, бүгінде қала мен аудан арасын жол еткен таксилердің басым көпшілігі жеті орындық үлкен көлік. Бұл көліктерге жүргізушіден бөлек 6-7 адам отыратынын ескерсек, жолақы құнының көтерілуі тіпті негізсіз бе деген ойға қаласыз…
Одан кейін, қазір жол сапасы да жақсы. Биылдың өзінде қалааралық, қалаішілік қанша шақырым жол жөнделіп, айнадай болып сызып жатыр. Бұрынғыдай шұқыры көп жолдың шаңы шығып жатқан жоқ. Бұл да болса жанармай мен уақытты айтарлықтай үнемдейді. Оған қоса жанармай мен газ бағасы да біраздан бері аса көтеріле қойған жоқ. Ол да ескерер жайт.
Бұл менің ғана емес, қарапайым халықтың жан айқайы. Тек көпке топырақ шашудан аулақпыз. Қарапайымдылық танытып, ұятқа салатын такси жүргізушілері де кездеседі. Бірақ, баға бір. Бір көтерілген бағаның енді түсуі екіталай.
Тағы бір айта кететіні, облыс орталығында кешкілік уақытта қалып қоймауға тырысыңыз. Ал қалып қойсаңыз, өз орныңызға 2000 теңге ғана емес, көліктегі бүкіл орынды, яғни «салон» жалдауыңызға тура келеді.
Бұрындары «Қаратау-Тараз» және кері бағытта автобустар мен «Газель» автокө­лік­тері сағат сайын үздіксіз ағылып жататын еді. Қазір де күнделікті қатынайтын «газель» бар. Жолақы құны да таксиден екі есе арзан — 1000 теңге. Тек таңғы уақытта шығып, түсте қайтады. Оның өзінде бірең-сараң адаммен ғана. Бұлай болуының себебі, орын-орнымен адамын алып, белгілі бір маршрут бойынша ғана жүретін «Газельдерге» аз адаммен жол шығынын жабу қиын.
Қазір осы қоғамдық көліктер қызметі қайта жанданып, әр жарты, бір сағат сайын жүріп отыратын болса, такси жүргізушілері «мінсең мін, мінбесең, қой» деп көкірек кермес еді. Кімге кінә артамыз?!
«ІnDriver» қосымшасы арқылы есіктің алдына дейін такси шақыруға тұрғындар әбден төселіп алған. Ал, шаруасы қалып бара жатқан халық амалсыз мінетінін білген соң кей такси жүргізушілері кеудесін керіп, түрлі құйтырқы әрекетке барады. Сонда қалай, ақшасы барлар отырар, ақшасы жоқтар қалады дегенге саяды ма?
Жол деген қазақ танымында үлкен маңызға, мағынаға ие. Тіпті, жолға шығарда ұзақ уақыт ренжісіп жүргендер бір-бірін кешіріп жатады. Аудан мен облыс орталығын жалғайтын жолдың жолақысы жайындағы түйткілді мәселенің бір шешімі болуға тиіс. Сіз қалай ойлайсыз?
Leave A Reply

Your email address will not be published.