«Шын жазушы – ұлтының рухани анасы» Жазушы Елен Әлімжан 80 жаста
« Жазушы өзін бірде зор, бірде қор санайтын адам. Әсіресе жазу үстелінде отырғанда құдіретті. Алақандай ақ қағазға небір дәуірлер мен оқиғаларды сипаттап, патшаның да, данышпанның да, шешеннің де, көсемнің де аузына сөз салып отырғанда ондай адам зор болмағанда қайтеді? Сол зор адам жазу үстелінен алыстап,айналасымен араласқанда тіршіліктің түйткілдерін шеше алмай қор болады. Ал атқарып отырған жұмысы тұрғысынан бағаласаң ол рухани игілік өндіруші. Иә, адамдардың екі тобы бар. Бірі – материалдық игілік, яғни тән азығын, екіншісі – рухани игілік – жан азығын өндірушілер. Тән азығын адам ішіп-жейді. Ал жан азығын қайтеді? Жазушы мен композитордың тұла бойынан толғатып туған жан азығын адамдар анасын емген сәбидей емеді. Санасымен, жүрегімен емеді. Демек шын жазушы – ұлтының рухани анасы», — деп жазушылық өнер жайлы толғанған Қазақстанның Құрметті жазушысы, драматург, публицист, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан 80 жасқа толып отыр. Жазушының мерейтойына орай Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен тағылымды кеш өтті. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата -кітап оқитын өңір» бастамасы аясында өткен кешке Елен Әбдуатұлының замандастары Аманбек Мұсабаев пен Бодаубек Нәметов арнайы шақырылса, театртанушы, сыншы, К. Байсейітова атындағы қазақ ұлттық университетінің докторанты Айзат Қадыралиева, Халықаралық, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, журналист Есет Досалы, Талас ауданының Құрметті азаматы Сәулембай Әбсадықұлы кештің қадірлі қонақтары болды. Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова Елен Әлімжанның қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан үлесі қомақты екендігін, қаламгердің шығармашылық мұрасы Талас жұртының мақтанышы екендігін жеткізді. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Кеш шымылдығы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының әншілері орындаған жазушының «Тараз аруы», «Жарыма» әндерімен түрілді. Бұл әндер жазушылық өнермен қатар драматургия саласында көп еңбектенген қаламы қарымды қаламгердің компазиторлық қырын да танытса керек. Кеш барысында Талапты орта мектебінің оқушылары Нұрдаулет Әлиасқар мен Биназар Биқара Елен Әлімжанның «Патриот қарттар», «Әйел сабағыш», Б.Тоқтықожаұлы атындағы орта мектепің оқушылары Шапағат Сейітқадыр мен Сабина Әзімхан «Қол арба», «Қара көздер» атты әігімелерін үзінділер оқып, көпшілік ықыласына бөленді.
«Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шағың болуы шарт. Көкірегіңе шер қатуы тиіс», — деп атақты ғалым Хеменгуэй айтқан екен дейді. Ал мен бақытты балалық шақты бастан өткердім. Әкем соғыстан аман оралған, анам, екі әжем болған, солардың ортасында еркелеп өстім. Алайда жаза алатынымды, жазатынымды ерте дәлелдедім. Он сегіз жасымда жазған «Ән сыры» деген әңгімем 19 жасымда жас жазушылардың «Таңғы шық» атты жинағында жарық көрді. Содан кейін ұзақ уақыт жазбай кеттім. Не жазарымды білмедім. Көңілім тоқ. Кеңестік идеологияның нағыз желкілдеп өскен баласы болдым. Кейін барып көкірегімде шер қатты. Сексенінші жылдардың екінші жартысынан бастап жазуға шындап кірісе бастадым», — деп жазушылыққа қалай келгендігін, алғашқы әңгімелерінің жазылуына жазушы Дулат Исабековтың себепкер болғандығын тебірене әңгімелеген Елен Әбдуатұлы күні бүгінге дейін театр сахналарында қойылып жүрген пьесаларының жазылуын тарихына да тоқталды. Қаламгердің публицистикасы мен қатар драматургия саласындағы еңбектерін зерттеп жүрген театртанушы, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Айзат Қадыралиева «Тақталас» драмалық шығармасы, «Жанұран», «Бір қазаққа бір қатын» комедиялық туындылары жайында, ондағы автор көтерген тақырыптың күрделілігі мен жазушының шеберлігі турасында тарқатып айтты.
Кеш соңында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров, аудандық орталық кітапхана директоры, «Кітапхана» бастауыш партия ұйымының төрағасы Шынар Жұмабекова Елен Әбдуатұлына әдебиет жайында тереңнен толғаған тағылымды әңгімесіне алғыс білдіріп, оқырмандарға ой салар шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінің бай қазынасы екендігін жеткізді. Кешке қатысып,белсенділігімен ерекшеленген жас оқырмандарды Алғыс хаттармен марапаттады.