Табысын адал еңбектен айырған
«Ауыл аманаты» жобасы кәсіп бастап, іс жасауға ниет танытқан тұрғындарға үлкен қолдау болып отыр. Ауыл мен елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайту мақсатында жүзеге асырылған жобаны тұрғындар ризашылықпен қабылдап жатыр. Игі бастама нәжижесінде қазір ауыл-аймақта кәсіп ашып, шаруамен айналысушылардың қатары артты. Ақкөл-игі жобаға қатысушы ауылдардың бірі. Ауылдық округ әкімі Жандос Ратовтың сөзінше, «Ауыл аманатына» 107 құжат өткізілген. Оның ішінде 105 жоба қолдау тапқан. Нәтижесінде 608 млн. 500 мың теңгеге 141 бас ірі қара, 2100 бас уақ мал, 422 бас жылқы және 7 бас түйе түлігін алған.
Байқағанымыздай төмен пайызбен ұсынылатын несиеге дені мал шаруашылығымен айналысуға ниет танытқандар өтінім берген. Жоба қолдау тапқан ауылда қазір ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Онда 14 бірлік ауыл шаруашылық техникасы іске қосылған. Мұны ортақ игілікке бағытталған жарқын жобаның жемісі десек жөн болар.
«Ауыл аманатына» қатысып, көкейдегі жоспарын жүзеге асырған жанның бірі-Жадыра Чмаева.
Ол қазір «Әлихан» жеке кәсіпкерлігін ашып, қымызды саудаға шығарып отыр. Рас қазір кәсіптің сан түрі бар. Егер табысқа кенелгің келсе, көзін таба білуің қажет. Ал, ұлттық сусынға сұраныс ешқашан төмендеген емес. Кәсіптің бұл түрін кеңейтуге Жадыраға сәтімен келген жоба да, қоныс тепкен үй-жай да үлкен мүмкіндік беріп отыр.
— Қымыз өндірумен айналысу көптен бері ойда жүрген жоспар еді. «Ауыл аманаты» жобасы бұл шаруаны жүзеге асыруға сеп болды. Бие сауу маған таңсық жұмыс емес. Бұдан бұрын да қолға жылқы ұстап, қымыз алғанбыз. Ол кезде өнімді тек өзіміз үшін пайдаландық. Жоба аясында 2,5 пайыз үстемемен 4 млн. 200 мың теңге несие рәсімдедім. Оған 3 бас жылқы сатып алдым. Саумал ретінде де, қымыз етіп пісіп те ұсынамыз,-дейді кәсіпкердің өзі.
Жадыра жылқыдан алған өнімді жергілікті тұрғындарға 1000 теңгеден саудалап отыр. Қымыздың бағасы нарықтағы құнынан 15-20 пайызға төмен. Сапасы да анағұрлым жоғары. Содан болар, кәсіпкер өндірген қымызға көпшіліктің сұранысы жоғары. Күніне әр биеден 5-6 литр қымыз сауады. Арасында жиын-тойға көтерме бағамен алатындар да табылып жатады.
Жадыра алдағы уақытта тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру үшін жылқы басын көбейтпек ниетте.
Қолдағы қамбар ата түлігін қазір үй іргесіндегі қора-жайда ұстап отыр. Қазір қымыз сауу науқаны аяқталған тұс. Қолға алған кәсіпті тоқтатпас үшін Жадыра жылқы және ұсақ малдарды бордақылап отыр. Кәсіпкер қыс мезгілінде етке тапсырыс берушілердің де бар екендігін айтады.
Жадыра Чмаева үш баланың анасы. Ауылдағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс жасайтын Жадыраның кәсіпке бейімділігі, еңбектегі табандылығы көпке үлгі.