Таластық диқандар көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісті
Көктем — нәсібін қара жерден айырған шаруалар үшін қарбалас сәт. Сайман — құралдарын сайлап үлгерген олар ендігі кезекте ауа райының ретін күтіп, қамданып отыр.
Жалпы биыл көктемгі дала жұмыстары барысында 11 648 гектар алқапқа ауыл шарушылығы дақылдары орналастырылмақ. Бұған дейін 4500 гектарға күздік бидай егілген еді.
Ал алдағы күндері 2963 гектарға ауыл шаруашылық дақылдары себіледі деп жоспарланып отыр. Егін егу науқанына қатысты аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан: — 3 мың гектарға жуық ауыл шаруашылық дақылдарының 1050 гектарын жаздық арпа, 195 гектарға дәндік жүгері, 350 гектарға мақсары, 80 гектарға картоп, 155 гектарға бақша, 158 гектарға көкөніс, 135 гектарға қызылша және 840 гектарға көпжылдық шөп себіледі.
Қазір Бостандық ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарында 40, ал, Аққұмда 8 гектар жер жыртылды. Жотадағы ауа райының қолайсыздығы тиісті жұмыстарды уақытылы бастауға кедергі болып отыр. Шаруалар іске сәуір айында кіріспек,-дейді.
Биылғы көктемгі дала жұмыстарына барлығы 539,7 тонна тұқым алу жоспарланған. Оның 539,1 тоннасы қолда бар. Енді тек қызылшаның ұрығын жеткізу ғана қалды. Бұл туралы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиісті өтінім де берілген.
Дала жұмыстарының сапалы әрі уақылы жүргізілуі ауыл шаруашылық техникаларының күтімі мен жана-жағармайдың көлеміне байланысты. Бұл мәселе де салаға жауапты басшылардың назарында көрінеді. Ақпан-сәуір айларындағы егістік жұмысына 330,8 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Шаруаларға арзандатылған түрдегі бағасы 250 теңге болып белгіленді.Техикаға қажетті жанармайды тарататын оператор нақтыланған.
Жергілікті тұрғындардың арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып, тірлігін жалғастырып жатқан азаматтардың қатары артып келеді. Өткен жылдың өзінде ауданда 417,8 млн. теңге сомасында 100 ауыл шаруашылық техникасы (оның 22 трактор, 78-і басқа да ауыл шаруашылық техникалары) сатып алынған. Кәсібін жер жыртып, дақыл отырғызумен байланыстырған азаматтар ендігі ретте қолға тиген жаңа техниканың сапасын, жұмыс қарқынын байқап көрмек ниетте. Жалпы, көктемгі егіс науқанына биыл 439 бірлік ауыл шаруашылық техникасы жұмылдырылмақ.
Аудан бойынша биылғы жылға 600 тонна тыңайтқышты жеткізу жоспарланған. Бүгінге дейін Ақкөл және Бостандық ауылдық окургіне қарасты шаруа қожалықтар 40 тонна аммофос және аммияк селитрасын алуға өтініш білдірген. Бұл туралы Жандос Құдиярхан айтып отыр.
Қыста түскен қалың қар, көктемдегі ылғалдың молдығы шаруалардың алдағы күнге сенімін оятып, іске деген құлшынысын арттып жатыр. Өйткені, табысын төккен термен өлшеген олар еңбектің зая кеткенін қаламайды.